Қазақстанда 589 дәрілік препараттың бағасы арзандады

225

Шекті бағаны бұзғандарға 1,4 млн теңге айыппұл салынды.  

Қазақстанда 589 дәрілік препараттың бағасы арзандады Фото: wellnesstidings.com

Қазақстанда шілде айында 589 дәрілік препараттың бөлшек саудадағы бағасы төмендеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мониторинг елдің 20 өңіріндегі 2555 дәрі атауын қамтыды. Оның ішінде 1267 препараттың бағасы өзгеріссіз қалса, 589 дәрінің құны арзандаған.

Бағасы төмендеген дәрілер қатарында инфекциялық, жүрек-қан тамырлары және асқазан-ішек ауруларын емдеуге қолданылатын препараттар бар. Мәселен, "Зитмак 250 мг №6" бағасы 24,25%-ға, "Цефтриаксон 1 г" 22,03%-ға, "Пантап 20 мг №14" 20,1%-ға арзандаған.

Дәрі-дәрмек бағасы таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы тұрақты бақылауда. Бұл жүйе дәрілердің нақты құнын бақылап, белгіленген шекті бағалардың сақталуын тексеруге мүмкіндік береді.

Министрлік мәліметінше, мемлекеттік баға реттеуі әлеуметтік маңызы бар және халық жиі қолданатын препараттарға бағытталған. Қазір шекті баға 3039 рецепт арқылы берілетін дәрілік препаратқа қолданылады.

Ал 4918 дәрі, оның ішінде рецептсіз сатылатын және құны 1 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын рецепт арқылы берілетін препараттар мемлекеттік баға реттеуінен шығарылды. Бұл бақылауды ең қажетті дәрілерге бағыттап, фармацевтикалық нарықтағы әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында дәрілердің белгіленген бағасын асыру бойынша 6 дерек анықталып, кінәлілерге 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу