Қазақстанда 609 нысанда мүгедектігі бар азаматтарға жасалған жағдай тексерілді

399

Тексеру барысында 394 нұсқама беріліп, заң бұзғандарға 47,4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.  

Қазақстанда 609 нысанда мүгедектігі бар азаматтарға жасалған жағдай тексерілді Фото: qamshy.kz

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2026 жылдың басынан бері Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің әлеуметтік инспекторлары 609 нысанға тексеру жүргізді. Оның ішінде 205 нысан жоспардан тыс, 291 нысан профилактикалық бақылау аясында, ал 113 нысан прокуратураның талаптары бойынша тексерілген.

Тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 394 нұсқама беріліп, талаптарды орындамаған тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылды. Жалпы сомасы 47,4 млн теңгеден асатын 200 айыппұл салынды.

Инспекторлар азаматтар жиі баратын нысандарды қамтыды. Атап айтқанда, 68 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым, 41 денсаулық сақтау нысаны, 127 білім беру ұйымы, 280 әлеуметтік қорғау мекемесі, 4 мәдениет ошағы, 5 спорт нысаны, 5 көлік инфрақұрылымы нысаны, 5 қоғамдық тамақтану орны, 32 сауда нысаны, 4 қаржылық қызмет көрсету ұйымы және 38 өзге нысан тексерілді.

Тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жоюға да басымдық берілуде. Соның нәтижесінде көптеген нысанда пандустар орнатылып, кіреберістер бейімделіп, арнайы тұтқалар мен өзге де қолжетімділік құралдары енгізіліп жатыр.

Сонымен қатар Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың қолжетімділігі бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде нысан иелеріне анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар беріліп, жауапты тұлғаларға заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.

– "Мен арбамен қозғаламын. Сондықтан қоғамдық орындардың қолжетімді болуының қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Егер қандай да бір кедергілерге тап болсам, Түркістан облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне жүгінемін. Мұнда менің өтініштерім жедел қаралады. Тексерулерден кейін көптеген нысанда анықталған кемшіліктер жойылып, пандустар орнатылып, кіреберістер ыңғайластырылып, ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы бола түседі. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бүгінде облысымызда бөгде адамның көмегінсіз өз бетінше кіріп-шыға алатын нысандар саны артып келеді. Бұл бізге қажетті қызметтерді еркін алуға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға және қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүруге жол ашады", – деді Түркістан облысының тұрғыны, І топтағы мүгедектігі бар Орынбасар Дастан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу