Шымкент қаласында "Аквамәдениет: тұрақты өсудің ғылымы, технологиялары және бизнес-модельдері" атты халықаралық форум өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген ғалымдар мен балық өсірушілер, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Жұмажанов аквакультураны тұрақты дамыту және саланы қолдау бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 681 кәсіпкерлік субъектісі балық шаруашылығымен айналысады.
Қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктері аясында биологиялық негіздеме әзірлеуге, аквамәдениет нысандарын өсіруге пайдаланылатын жемшөпті сатып алуға, балық шабақтарын алуға, препараттарды сатып алуға, аналық балықтар тобын қалыптастыруға және оны күтіп-ұстауға жұмсалған шығындарды өтеу қарастырылған.
Сонымен қатар, су беру қызметтерінің құнын субсидиялау да көзделген.
"Қабылданған шаралар аквамәдениет өнімінің өзіндік құнын төмендетуге, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және еліміздегі балық шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған", – деп атап өтті Бауыржан Жұмажанов.
Форум барысында қатысушылар аквакультура саласындағы заманауи технологияларды, ғылыми негізделген шешімдерді, инвестициялық мүмкіндіктерді және саланы дамытудың тиімді бизнес-модельдерін талқылады.
Халықаралық форум аквамәдениеттің ғылыми, технологиялық және инвестициялық әлеуетін дамытуға бағытталған кәсіби диалог алаңына айналды.
Сондай-ақ мұндай іс-шаралар білім алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қалыптастыратыны айтылды.