Бас прокуратура қылмыстық істер бойынша кассациялық соттардың атқарған жұмысын талдап, мәлімет жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Прокуратураның мәліметінше, Президенттің тапсырмасы бойынша 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмысқа кіріскен кассациялық сот – осы саладағы маңызды реформалардың біріне айналды. Осы реформаның арқасында елімізде "жаппай кассация" еніп, бұл жүйе бойынша барлық қылмыстық істер судьялардың алдын ала қарауынсыз қайта қарала бастады.
Прокуратура қызметкерлері жазықсыз сотталғандармен қатар, ауыр қылмысы үшін жеңіл жаза алып кеткен адамдарды да анықтап, жазаларын күшейтіп жатыр. Сондай істердің бірі – 9 жасар қызға қатысты болған жайт.
"Азамат Ж. 9 жастағы қызға азғындық жасады деген айыппен сотталған. Бас прокуратураның талабы бойынша кассациялық сот осы үкімнің күшін жойды. Істі қайтадан қарау кезінде кішкентай бала азғындыққа емес, кәдімгі сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Сондықтан, бұл адамның жеңіл жазасы күшін жойып, ол өмір бойына сотталды", – деп хабарлайды Бас прокуратура.
"Жаппай кассацияның" енгізілуі қайта қаралған қылмыстық істер санының екі есе артуына мүмкіндік берді.
"Кассациялық соттың бір жылдық жұмысы барысында 1717 адамға қатысты 1320 қылмыстық іс қайта қаралды. Бұл ретте, сот актілерінің 30%-ы, соның ішінде прокурорлардың қорытындылары бойынша өзгертілді немесе күші жойылды.
Процесс қатысушыларының шағымдары бойынша 381 адамға қатысты сот актілерінің күші жойылды және өзгертілді. Олардың ішінде 10 сотталған толықтай, 15-і ішінара ақталды", – делінген хабарламада.
Прокурордың наразылықтары бойынша 182 сотталғанның жағдайы жақсарды, 5 адам ақталды. Жекелеген жағдайларда сотталғандардың іс-әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықтардың онша ауыр емес құрамына қайта сараланды, жазасы жеңілдетілді не жазаның неғұрлым жеңіл түрі тағайындалды.
Қосымша жазалардың күші жойылды, түзеу мекемесінің түрі өзгертілді, қылмыстың қайталануы алынып тасталды.