10 тамыз – Абай күні. Осыған орай Қазақстанда ұлы ақынның есімін иеленген азаматтарға қатысты статистика ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде елімізде Абай есімді 18 961 адам тұрады. Бұл есім ең көп таралған өңірлердің қатарында Астана, Түркістан облысы және Алматы қаласы бар. Астанада – 2 186, Түркістан облысында – 2 008, Алматыда 1 740 Абай есімді адам тіркелген.
Абай есімді ең жасы үлкен қазақстандық 1932 жылы туған. Ал бұл есімді иеленгендердің арасында 30-34 жастағы азаматтар басым. Олардың саны – 3 267 адам.
Ақынның есімі жаңа туған сәбилерге де қойылып жүр. 2026 жылдың алғашқы жартысында 91 балаға Абай есімі берілген.
Қызығы, Қазақстанда Абай есімді 9 әйел де бар.
Сонымен қатар елімізде Ибраһим, Ибрагим және Ибрахим есімдерін иеленген 37 844 адам тіркелген.
Абайдың есімі елдің географиялық атауларында да кеңінен кездеседі. Қазір Қазақстанда 1 облыс, 1 қала, 3 аудан және 26 ауыл Абай есімімен аталады.