Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов жанармай қорына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
1 сәуір күні жанармай бағасына қатысты мораторий аяқталған болатын.
Ведомство өкілі жанар-жағармай бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасатынын еске салды. Оның айтуынша, баға өзгеріп жатқан жоқ.
"Қазіргі таңда тапшылық жоқ. Елде 600 мың тоннаға жуық бензин және 600 мың тонна дизель отыны бар. Қор жеткілікті. Ішкі нарықта тапшылық болмағандықтан, жанар-жағармай бағасының өсуі де байқалмайды", – деді Санжар Жаркешов тілшілердің сауалына берген жауабында.
Республикада жанар-жағармай бағасына тұрақты мониторинг жүргізілетіні айтылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл мәселені бақылауда ұстап отыр. Вице-министр бағаның негізсіз әрі күрт өсуіне жол берілмейтінін жеткізді.
Айта кету керек, бұған дейін Сенат электр энергиясын Еуропаға транзиттеуге қатысты заңды мақұлдағанын жазғанбыз.