Қазақстанда әлемдік деңгейдегі 25 қонақүй пайдалануға беріледі

Ел туризмінде 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба іске асырылуға жақын.   

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі 25 қонақүй пайдалануға беріледі Фото: ratel.kz

Мұндай қуанышты жаңалықты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Туризм саласының тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда инвестициялар тарту маңызды. Бүгінде бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Іске асырылған инвестициялық жобалардың қатарында Алматы облысындағы инвестиция көлемі 57 млрд теңгені құрайтын "Oi-Qaragai" тау курорты, Қонаев қаласындағы құны 11 млрд теңге сомадағы "ASP Arena" спорттық-ойын-сауық кешені, құны 2 млрд теңге "PetroRetail PFS" көпфункционалды жол бойы сервис нысаны бар. Аталған нысандардың пайдалануға берілуі туристік инфрақұрылымды нығайтуға, сервистің сапасын арттыруға және өңірлердің туристік әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді, – деді ол.

Министрдің сөзінше, осы күні Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалар шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі 25 қонақүй пайдалануға берілмек. 

– 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған ірі жобалардың қатарында Шымкент қаласындағы құны 17,5 млрд теңге болатын "Hilton" қонақүйі, Қонаев қаласындағы құны 28 млрд теңге болатын "Marriott" кешені және құны 53,3 млрд теңге болатын "Жібек жолы" курорттық-ойын-сауық кешені бар, – деп сөзін толықтырды министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу