Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айында 2,3 млн-нан астам адам тегін онкологиялық скринингтен өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында қатерлі ісіктің бірнеше түрі ерте кезеңде анықталған.
Қазақстанда нысаналы топтар үшін сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалдық обырды ерте анықтауға бағытталған онкологиялық скринингтің үш түрі тегін жүргізіледі.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 362 568 адам тексеруден өткен. Скрининг нәтижесінде:
сүт безі обырының – 1 238 жағдайы;
колоректалдық обырдың – 372 жағдайы;
жатыр мойны обырының – 227 жағдайы расталды.
Мамандар онкологиялық аурулардың бастапқы кезеңде ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан адамның өзін жақсы сезінуі профилактикалық тексеруден бас тартуға себеп болмауы керек.
Скрининг кезінде анықталған кез келген күмәнді өзгеріс бірден қатерлі ісік диагнозы қойылды дегенді білдірмейді. Мұндай жағдайда пациент қосымша диагностикалық тексеруге жіберіледі. Аурудың бар-жоғын тек толық тексеруден кейін дәрігерлер анықтайды.
Тұрақты скринингтің маңызы кейінгі жылдардағы көрсеткіштерден де көрінеді. 2021-2025 жылдары Қазақстанда онкологиялық аурулардың III-IV сатыда анықталу үлесі 34,9%-дан 32%-ға дейін төмендеді.
Соңғы бес жылда елімізде 14 млн-нан астам адам онкологиялық скринингтен өтті. Осы кезеңде халықты жыл сайын скринингпен қамту көрсеткіші 13,5%-ға артқан.
Мамандар профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмай, белгіленген мерзімде тегін скринингтен өту ауруды ерте анықтап, қажетті емді дер кезінде бастауға мүмкіндік беретінін атап өтті.