Қазақстанда адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 360 мыңнан астам қыз бала қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылдан бастап вакцинация бағдарламасы 14–17 жас аралығындағы қыздарды да қамтыды.
2024 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 12 қазанға дейін 11–13 жастағы 301,7 мыңнан астам қыз бала вакцинаның бірінші дозасын, ал 196,6 мыңы екінші дозасын алған.
Ал 2026 жылғы мамырдан бастап бағдарламаға қосылған 14–17 жас аралығындағы қыздардың 58,6 мыңы бірінші дозаны, 19,1 мыңы екінші дозаны қабылдаған.
Вакцинация ата-аналардың немесе заңды өкілдердің келісімімен ерікті түрде және мемлекет есебінен жүргізіледі.
АПВ-ға қарсы вакцина жатыр мойны обырының басым бөлігін тудыратын вирустың қауіпті типтерінен қорғайды. Бұл болашақта аурудың даму қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мониторинг деректеріне сәйкес, вакцина алған қыз балалар арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелмеген.
Вакцинация туралы қосымша ақпаратты тіркелген жері бойынша емханадан алуға болады.