Астанада ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Global Businesswomen Council ұйымының IV отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара қатысушыларына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, сондай-ақ Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаеваның құттықтауы жолданды.
Министрдің айтуынша, елімізде әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына және олардың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған заңнамалық база тұрақты түрде жетілдірілуде.
"Қазақстанда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты саналады. Конституция әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктеріне кепілдік береді. Сонымен қатар, тиісті заң қолданыста, ал 2035 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде бүгінде әйелдер экономиканың түрлі салаларында басшылық қызметтерді атқарып отыр", – деді Аида Балаева.
Оның сөзінше, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға ерекше назар аударады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл бағытта бірқатар маңызды бастамалар қолға алынған. Қазіргі уақытта комиссия әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған кешенді жоспар әзірлеуде. Құжат мемлекеттік қолдау тетіктерін, білім беру бағдарламаларын, қаржыландыру мүмкіндіктерін және жаңа экономикалық жағдайда әйелдердің әлеуетін кеңейтуге бағытталған шараларды біріктіреді.
Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 1 миллионнан астам әйел кәсіпкер тіркелген. Әйелдер шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен жартысын басқарады әрі осы сектордағы жұмыспен қамтылған азаматтардың үштен бірінен астамын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қатар, әйелдер кәсіпкерлігі негізінен қызмет көрсету саласында дамып келеді. Ал ірі бизнес құрылымдарындағы әйел басшылардың үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр.