Бұл мереке елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген құрылыс саласының мамандарымен қатар, әскери инфрақұрылымды дамытуға еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегіне де құрмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қарулы күштердің тиімді қызметі әскери қызметшілердің даярлығына ғана емес, олардың қызмет атқаратын инфрақұрылымының сапасына да байланысты. Әскери қалашықтар, казармалар, штабтар, оқу полигондары, инженерлік құрылыстар мен әскери техника сақталатын нысандар әскердің күнделікті жұмысын қамтамасыз ететін маңызды жүйе саналады.
Қорғаныс министрлігі соңғы жылдары әскери инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Нысандарды қысқа мерзімде пайдалануға беру, заманауи технологияларды енгізу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Маңызды жобалардың бірі – модульдік құрылыс технологияларын енгізу. 2016 жылдан бері Қарулы күштерде жеңіл құрастырмалы модульдік ғимараттар қолданылып келеді. Олардың негізінде штабтар, казармалар, асханалар, медициналық пункттер және басқа да қызметтік нысандар салынған.
Биыл қайта жабдықталған контейнерлер негізіндегі жаңа буын модульдік құрылыстарды іске қосу жоспарланып отыр. Мұндай нысандар мобильдігімен, үнемділігімен және қысқа мерзімде орнатылу мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Әскери қалашықтардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да назар аударылуда. 2020 жылдан бері әскери қалашықтарда балалар және спорт алаңдары орнатылып, кіреберіс жолдар жөнделіп келеді. Бұл жұмыстар Астана, Приозерск, Қонаев, Аягөз, Шымкент және Гвардейск қалаларындағы жол-пайдалану бөлімшелерінде жүргізілуде.
Сонымен қатар Алматы, Қарағанды, Тараз және Семей қалаларындағы пайдалану бөлімдерінің базасында өндірістік взводтар құрылып, әскери бөлімдерді қоршаулармен, тез құрастырылатын ангарлармен және басқа да инженерлік конструкциялармен қамтамасыз ету жолға қойылған.
Әскери авиация инфрақұрылымын жаңғырту аясында Талдықорған, Шымкент, Балқаш және Астана қалаларындағы әскери әуеайлақтар жаңартылуда. Бұдан бөлек, "Жетіген" және "Сарыарқа" әуеайлақтарының әскери секторын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқу-полигондық база да жетілдіріліп, қару-жарақ пен әскери техниканы сақтауға арналған нысандар жаңартылуда. Пайдалану бөлімдерінің базасында казармалық және далалық жиһаздар, металл конструкциялар, ангарлар мен инженерлік жабдықтар өндіріліп, әскердің қажеттілігі отандық өніммен қамтамасыз етілуде.
Әскери инфрақұрылымның тұрақты жұмысын құрылысшылармен қатар инженерлер, энергетика, жылу, су және газ шаруашылығы мамандары, азаматтық персонал мен пайдалану бөлімдерінің қызметкерлері қамтамасыз етеді.
Ведомство мәліметінше, әскери инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, Қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін арттыруға бағытталады.