2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанның теміржол желісі арқылы 10,8 млн тонна астық тасымалданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп. Экспорттық тасымал көлемі 8,4 млн тоннаға жетіп, 14%-ға артты.
Орталық Азия елдеріне тасымал көлемі де өскен. Тоғыз айда бұл бағытқа 5,5 млн тонна астық жөнелтілді, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңінен 33%-ға жоғары. Оның ішінде Өзбекстанға 4,11 млн тонна (+44%), Тәжікстанға 1,18 млн тонна (+16%) жеткізілді. Қырғызстанға 184 мың тонна, Түрікменстанға 30 мың тонна астық жөнелтілген.
Басқа экспорттық бағыттарда да өсім байқалады. Қытайға 750 мың тонна астық тасымалданып, көрсеткіш 54%-ға артты. Ауғанстанға 762 мың тонна жөнелтілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 есе көп.
Жаңа егін жинау маусымының басталуымен астық тиеу көлемі де өсіп келеді. Қыркүйекте 1,45 млн тонна астық тиеліп, рекордтық көрсеткіш тіркелді. Бұл 2025 жылдың қыркүйегінен 7%-ға жоғары.
Жаңа өнімді уақытылы тасымалдау үшін Көлік министрлігі астықты теміржолмен тасымалдауды ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі Астық штабын құрды. Штаб тасымалдау процесіне қатысушылардың жұмысын үйлестіріп, теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамның дайындығын бақылайды.
Қазіргі уақытта жаңа өнімді тасымалдауға 16,9 мың астық тасығыш, 17,8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив дайын. Қолда бар жылжымалы құрам астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті.