Қазақстанда асыл тұқымды мал алуға 6% жеңілдетілген несие іске қосылды

146

 Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстанда асыл тұқымды мал алуға 6% жеңілдетілген несие іске қосылды Фото: vestnikapk.ru

Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту мақсатында жаңа жеңілдетілген несиелік бағдарламалар іске қосылды.

Министрлік дерегінше, 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында "Игілік" және "Береке" атты екі жаңа қаржылық өнім енгізілген. Бұл бағдарламалар арқылы асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын несие ұсынылады. Сонымен қатар, Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 85%-ға дейін кепілдендіру мүмкіндігі қарастырылған.

Бағдарламалардың операторы – Аграрлық несие корпорациясы. Өтінімдерді еліміздің барлық өңірінен беруге болады.

"Игілік" бағдарламасы 100-ден 500 басқа дейін асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған. Ал "Береке" ірі шаруашылықтарға арналған – бұл өнім арқылы 500 және одан да көп бас мал алуға мүмкіндік бар.

Несие алушыларға бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, әрбір малдың есептік нөмірі болуы, қора-жайдың дайын болуы, қыс мезгілінде су тапшылығы болмайтынын дәлелдеу, жемшөп дайындау техникасының болуы және ауыл шаруашылығы жерлерінің болуы міндетті.

Сондай-ақ белгілі бір міндеттемелер де қарастырылған. Табиғи шығындарды есептемегенде, несиеге алынған аналық малдан кемінде төрт жыл бойы төл алу қажет. "Береке" бағдарламасына қатысу үшін шаруашылықтың ауыл шаруашылығы саласында кемінде екі жылдық тәжірибесі болуы тиіс, ал "Игілік" бағдарламасында мұндай талап жоқ.

Екі бағдарлама бойынша да несие мерзімі 7 жылға дейін, ал алғашқы 24 айда негізгі төлемдер бойынша жеңілдік кезеңі қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу