"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде, оның ішінде Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың саны артып келеді. Бүгінгі күні әлеуметтік бағыттағы басқармалар мен мемлекеттік органдар бұл мәселенің ауқымы туралы жеткілікті түрде хабардар емес. Сондықтан аутизммен ауыратын балаларға арналған орталықтарды көбейту қажет", – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Қазақстан халқы ассамблеясы сайлаған депутаттар мынадай ұсыныстарын жеткізді:
- Аутизммен ауыратын балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсететін мамандарды даярлау. Себебі көптеген мектеп және мектепке дейінгі мекемелер мұндай балаларға толыққанды жағдай жасай алмай келеді;
- Аутизммен ауыратын балалардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау;
- Аутизммен ауыратын адамдарды дұрыс қабылдау үшін қоғамда, қоғамдық көліктер мен қызмет көрсету нысандарында жұмыс істейтіндер арасында ақпарат тарату, әлеуметтік роликтерді көбейту.
Еске сала кетсек, бейресми деректер бойынша елімізде аутизм бар балалар саны 30 мыңнан асатынын жазған болатынбыз.