Қазақстанда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына 5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі

82

Бағдарлама ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз етуге және өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне бағытталған.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына 5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда азық-түлік өндірушілер, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар мен мал шаруашылығы кешендері "Агробизнес" бағдарламасы арқылы айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жеңілдетілген несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі де 5 пайыздан басталады.

Бір транш бойынша қаржыландыру мерзімі 12 айға дейін, ал кредиттік желінің қолданылу мерзімі 36 айға дейін белгіленген.

Несиені өтеу кестесі қарыз алушының қызмет ерекшелігі мен бизнес-жоспарына қарай жеке жасалады.

– Мал бордақылаумен айналысатын шаруашылықтар үшін несие сомасының кемінде 70%-ы кейіннен бордақылау мақсатында мал сатып алуға бағытталуы тиіс, – деп түсіндірді министрлік.

Ал етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар несие қаражатын жемшөп пен жемшөп қоспаларын, жанар-жағармай материалдарын, ветеринариялық препараттарды сатып алуға жұмсай алады.

Сондай-ақ қаржыны жемшөп дайындау және тарату техникасы мен жабдықтарына қажетті қосалқы бөлшектер алуға, қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге пайдалануға рұқсат етіледі.

Министрлік мәліметінше, бағдарлама қайта өңдеу кәсіпорындары мен мал шаруашылығы кешендерінің айналым қаражатына деген қажеттілігін өтеуге, өндірістік процестердің тұрақтылығын сақтауға және саланы дамытуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу