Қазақстан қалалық аэротакси және азаматтық авиация инфрақұрылымын цифрландыру жобаларын жүзеге асыруға кіріседі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Елімізде жаңа аэротакси сегментін дамыту шеңберінде отандық компаниялар пилотсыз сынақ ұшақтарын сатып алуда, сондай-ақ қону алаңдары мен операциялық орталықтың құрылысын бастады. Бұдан басқа, әуежайларда Q-Gate цифрлық жүйесі енгізіліп, бақылау уақыты 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқарады.
Биыл Астана мен Алматыдағы 16 терминалға Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларындағы тағы 16 терминал қосылады. Енді Астана–Шымкент бағыты бойынша ішкі рейстерде биометрияны енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
"Цифрлық технологиялар жүк сегментінде де қарқынды енгізілуде. E-Freight ақпараттық жүйесін іске қосу процестерді электрондық форматқа толығымен ауыстыруға және авиажүктерді өңдеу уақытын бір күннен бір сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді", – деді Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында.