Қазақстанда автономды көлікті енгізу бойынша үш жылдық пилоттық жоба іске қосылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба аясында жүргізушісіз басқарылатын көліктер Астана, Алматы және Қосшы қалаларындағы полигондарда және жекелеген жол учаскелерінде сынақтан өтеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.
Эксперимент жүргізу тәртібін реттейтін бірлескен бұйрықты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Көлік министрлігі және Ішкі істер министрлігі бекітті.
Сынақ кезінде шартты автоматтандырылған көліктерде кез келген уақытта басқаруға дайын адам болуы тиіс. Ал автоматтандыру деңгейі жоғары көліктер салонда жүргізушісіз қозғала алады, бірақ оларды оператор қашықтан бақылайды.
Автономды көліктер жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардың келісілген бағыттарында сыналады. Сонымен қатар мұндай көліктерді такси және тұрақты емес жолаушылар тасымалы саласында пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Сынаққа қатысатын көліктер бейнебақылау жүйелерімен, деректерді тіркеу құрылғыларымен және автоматты басқаруды шұғыл тоқтату жүйесімен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ оларға арнайы "автономды басқару" белгісі орнатылады.