Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
23 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада пияз 4,3%-ға, сәбіз 2,8%-ға, алма 2,5%-ға, қияр 1,3%-ға, картоп 0,9%-ға арзандаған.
Сонымен қатар қант пен тауық еті 0,5%-ға, сүйекті сиыр еті 0,4%-ға төмендеді. Қой еті, тауық, сүзбе және қырыққабат бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлер арасында бағаның ең көп төмендеуі Қарағандыда тіркеліп, 0,4%-ды құрады. Ақтөбе мен Жезқазғанда баға 0,2%-ға, Түркістанда 0,1%-ға арзандады.
Астана, Алматы, Көкшетау, Шымкент, Қонаев, Павлодар және Семейде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы алдыңғы аптадағы деңгейде сақталды.
Қазақстан бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 142 теңге болды. Ең төмен баға Талдықорғанда тіркеліп, 107 теңгені құрады.
Сәбіздің орташа бағасы 215 теңге болса, ең төмен баға Павлодарда – 140 теңге. Алманың орташа бағасы 727 теңгені құрап, Шымкентте 554 теңгеге сатылды.
Қызанақтың орташа бағасы 668 теңге болды. Ең төмен баға Таразда – 412 теңге, Түркістанда – 416 теңге деңгейінде тіркелді.