Қазақстанда барлық сектордан құрылыс саласы басып озды

830

Құрылыс қарқынының үдеуіне тұрғын үй саласындағы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар мұрындық болған. Осылайша, тұрғын үй құрылысы – бүгін де нақты сектор мен Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап.

Қазақстанда барлық сектордан құрылыс саласы басып озды

Зерттеу материалында келтірілген дерекке сәйкес, 2021 жылдың алғашқы тоқсанында базалық салалардың көрсеткіштері біртінден қалпына келе бастаған. Үкіметтің ресми порталы барлық саладан бұрын құрылыстың (+13,1%) қарқынды дамып, алға шыққанын хабарлайды. Мәселен, өнеркәсіп саласының өсімі бұл жағынан 7,5% өсімді көрсетсе, ауыл шаруашылығындағы өсім 2,8% артқан.

"Осы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда құрылыс жұмыстарының қаржылық көлемі 514,1 млрд теңгені құрады. Аталмыш сектордағы өсім көбінде тұрғын үй нысандарының салынуына байланысты тіркелген. Әйтсе де тұрғын үйге жатпайтын нысандардың құрылысында аса қатты қарқын жоқ", - делінген зерттеуде.

Коронавирус салдарынан келген дағдарыс кезінде, яғни былтыр да тұрғын үй секторындағы қаржылық ауқым 881,2 млрд теңгені көрсетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 35,3% өскен еді.

Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламалар аясындағы ипотекалық несиелеудің қолжетімділігіне байланысты өсіп келеді. Атап айтқанда, сектордағы ілгерілеушілік 2015-2016 жылдары айқын байқалған болатын. Айта кетерлігі, дәл сол тұста "Нұрлы жол" мемлекеттік-инфрақұрылымдық бағдарламасы басталған еді.

Осыдан кейін тұрғын үй құрылысының механизмдері біріктіріле бастады. Аймақтарды дамыту бағдарламалары іске қосылып, "Нұрлы жердің" тікелей операоры ретінде Отбасы банк белгіленді. 2015 жылдың өзінде тұрғын үй жинақтары портфелінің үштен бірі Отбасы банктің үлесіне тиесілі болған. Ал қазіргі таңда ипотекалық портфельдегі банктің үлесі 60% құрап отыр.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу