Қазақстанда баспана мәселесі өзекті бола түседі

988

Елде құрылыс компаниялары мен банктер бірлесіп, жүзеге асырып жатқан бірнеше тұрғын үй бағдарламалары бар, алайда баспана мәселесі әлі өзекті.

Қазақстанда баспана мәселесі өзекті бола түседі

Қазақстандықтардың 26%-ы үйінде бес және одан да көп адаммен тұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Әлемдегі көптеген елмен салыстырғанда Қазақтанда жылжымайтын мүлікке иелік ету коэффициенті жоғары. Мысалы, зерттеу нәтижесі бойынша 2020 жылы отбасы тұрып жатқан үйдің 86,8%-ы ондағы мүшенің біреуіне тиесілі болған. Ресейдегі көрсеткіш – 89%.

Жылжымайтын мүлікке иелік ету коэффициенті Румыния (95,8%), Венгрия (91,7%) және Черногорияда (91%) өте жоғары.

Жартылай мойындалған Косовода бұл көрсеткіш 97,8%-ға тең, ал ең төмен көрсеткіш – Швейцария (41,6%), Гонконг (49,8%) және Германияда (50,4%). Еуропа елдерінде үйді жалға алу абсолют норма болып саналады. Сондықтан мұнда жалға берілетін тұрғын үйдің үлесі жоғары. Еуропалық одақ бойынша жылжымайтын мүлікке иелік ету коэффициенті – 69,8%. 

Қазақстанда "вольсе" және "чонсе" тарихи қалыптасқан корей жалға беру дәстүрлері де, ірі америкалық және еуропалық жалға беру тұрғын үй кешендері де жоқ. Елде үйді сатып алып тұру қалыпты норма болып саналады.

Сонымен қатар дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанда бір адамға 23 шаршы метрден келеді (Мысалы, Германияда бір адамға – 39 шаршы метр, Ұлыбританияда – 70 шаршы метр). 

Сондай-ақ елдегі қалаларда бір үйде орташа есеппен 3 адам, ауылдарда 4 адам тұрады. Халықтың 26%-ы үйінде бес және одан да көп адам тұрады.

2020 жылғы деректерге сүйенсек, әрбір оныншы үйде кемінде 4 бала бар. Қазақстандағы беби-бумды ескерсек, алдағы уақытта өз баспанасына мұқтаж балалар саны артады. Сондықтан елде баспана мәселесі өзекті бола түседі. 

Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығының мәліметінше, елдегі әрбір үшінші пәтер мемлекеттік бағдарламалар бойынша сатып алынады. Алайда әрбір бағдарламада бағасы мен мерзімі бойынша шектеулер бар, ал кейбір халық арасында танымал мемлекеттік бағдарламалар (мысалы, "Баспана хит") жұмысын тоқтатқалы жатыр.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу