Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірнеше түрі арзандады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылғы 5 тамыздағы жағдай бойынша, есепті аптада қияр бағасы 2,4%-ға, ақ қырыққабат 2,1%-ға, қызанақ пен картоп 1,7%-ға төмендеді. Сонымен қатар сүйексіз сиыр еті (-0,4%), алма (-0,3%), қарақұмық жармасы (-0,2%) және қаймақ (-0,1%) арзандаған.
Ал бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан, сүйекті сиыр еті, тауық еті, құс еті, ет фаршы, сүзбе, айран және шай бағасы бір апта ішінде өзгеріссіз қалды.
Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі Шымкентте 0,4%-ға, Павлодар мен Талдықорғанда 0,2%-ға, Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев және Қостанай қалаларында 0,1%-ға төмендеді.
Қазіргі таңда республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір келісі үшін 483 теңгені құрайды. Ең төмен баға Шымкент қаласында тіркеліп, 321 теңге болды.
Пияздың орташа бағасы 200 теңге деңгейінде сақталды. Ең қолжетімді баға Түркістан қаласында – 138 теңге, Қызылордада – 164 теңге болды.
Ақ қырыққабаттың орташа бағасы 191 теңге болса, ең төмен баға Түркістанда тіркелді – 143 теңге.
Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы 529 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Тараз қаласында тіркеліп, 310 теңге болды. Шымкент пен Түркістан қалаларында қызанақ бағасы 324 теңге деңгейінде қалыптасты.
Ет өнімдері арасында сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3778 теңге болса, қой етінің, оның ішінде сүйексіз етті қоса алғанда, орташа бағасы 4493 теңгені құрады.