Қазақстанда жоғары технологиялық кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көлемі артып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында елімізде жүрекке 13 106 ашық операция жасалып, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға өсті.
Жасалған операциялардың ішінде аортокоронарлық шунттау – 46,1%, жүректің жүре пайда болған кемістіктеріне жасалған операциялар – 22,7%, ал туа біткен жүрек ақауларына жасалған ота 13,1% болды.
Кардиохирургия саласының дамуы нәтижесінде Қазақстан осы бағыттағы жетістіктері бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді. Қазір елде жүрекке ашық операциялармен қатар эндоваскулярлық араласулар мен жоғары технологиялық медициналық көмектің 80-нен астам түрі көрсетіледі.
2025 жылы елімізде 100-ші жүрек трансплантациясы сәтті жасалып, бұл отандық трансплантологияның маңызды жетістіктерінің бірі болды.
Соңғы бес жылда қанайналым жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық 15%-ға, ал осы аурулардан болатын өлім-жітім 35,1%-ға төмендеген. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында да оң динамика сақталып, қанайналым жүйесі аурулары – 6,6%-ға, артериялық гипертензия – 9,7%-ға, жүректің ишемиялық ауруы – 10,1%-ға, жедел миокард инфаркті – 5,7%-ға, инсульттер 6,1%-ға азайған.