Қайталама тұрғын үй нарығына ипотекалық өтінім қабылдауды уақытша тоқтатқан банктер: Halyk Bank және Банк ЦентрКредит, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Krisha.kz порталына сілтеме жасап.
Аталған қаржы ұйымдарында қазір тек бастапқы тұрғын үйге ипотека беріледі. Алайда бұл барлық құрылыс компанияларымен емес, тек жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 20%-дан аспайтын серіктес-құрылыс компаниялар бойынша ғана іске асырылады.
Банктер бұл шектеудің қашан және қандай шарттармен жойылатынын кейін нақтылайтынын хабарлаған. Аталған тізімде Freedom Bank те бар деген ақпаратты қаржылық ұйым жоққа шығарды.
"2025 жылғы 16 маусымнан бастап ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен қаулысымен (бұдан әрі – Бірлескен қаулы) ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖҚҚҚ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендетіледі. Осылайша, 16-нан бастап жаңа пайыздық мөлшерлеме күшіне енеді. Өз кезегінде Freedom Bank ипотекалық қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау мен қарауды тоқтатқан жоқ. Өтініштер әдеттегідей қабылданып жатыр. 2025 жылғы 16 маусымға дейін кепілдік хаттарды алған бұрын берілген барлық өтінімдер бірлескен қаулыға сәйкес мөлшерлемелер бойынша қаржыландырылады", – деп хабарлады Freedom Bank өкілдері.
Бүгіннен бастап яғни, 16 маусымнан бастап тұрғын үй несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілді. Бұл өзгеріс ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысына сәйкес күшіне енді. Оған сәйкес елімізде ипотека арзандауы тиіс.
Құжатқа сәйкес, екінші деңгейлі банктер мен кейбір банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар ұсынатын қарыздар бойынша шекті ЖТСМ мөлшерлемелері төмендегідей болып белгіленді:
- кепілсіз қарыздар үшін – 46%;
- кепілмен қамтамасыз етілген қарыздар үшін – 35%;
- ипотекалық тұрғын үй қарыздары үшін – 20%.
Бұған дейін Қазақстанда екінші деңгейлі банктер үшін тұрғын үй жинақ нарығын ашу ұсынылған еді.