Қазақстанда бүйрек ауруларын емдеу стандарты жаңартылды

298

Елімізде 14 мыңнан астам пациент диализ алады.

Қазақстанда бүйрек ауруларын емдеу стандарты жаңартылды Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда бүйрек ауруларын ерте анықтау мен уақтылы емдеуге, сондай-ақ диализ бен бүйрек трансплантациясының қолжетімділігін арттыруға бағытталған нефрологиялық көмек көрсету стандарты жаңартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл мәселе Ақтауда өткен Орталық Азия нефрологтарының конгресінде талқыланды. Жиынға Қазақстан, АҚШ, Италия, Польша, Түркия, Әзербайжан және Беларусь елдерінен 310 маман қатысты. Олар бүйрек ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін, диализ қызметі мен трансплантацияны дамыту жолдарын қарастырды.

"Біздің міндетіміз – бүйрек ауруларын ерте кезеңдерде анықтап, емнің үздіксіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта медициналық көмек көрсету стандарттарын жетілдіріп, мамандандырылған орталықтарды дамытып, медицина кадрларын даярлап жатырмыз. Бүгінде резидентурада 50-ден астам болашақ нефролог білім алуда. Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылында тағы 12 маман даярлау жоспарланған", – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының басшысы Майра Абдразақ.

Жаңартылған стандарт пациенттің емханадағы диагностикадан бастап мамандандырылған емге, диализге және медициналық көрсетілімдер болған жағдайда бүйрек трансплантациясына дейінгі бірыңғай бағытын қамтиды.

Қазір Қазақстанда Республикалық нефрология орталығы және Трансплантаттау мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық жұмыс істейді. Елімізде 14 мыңнан астам пациент диализдік ем қабылдап жүр.

Сонымен қатар қалыптастырылып жатқан E-Densaulyq жүйесі дәрігерлерге пациенттің медициналық тарихына, оның қай өңірде немесе медициналық ұйымда ем алғанына қарамастан, қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Конгресс қорытындысында ерте диагностикалауға, мамандар даярлауға және емнің қолжетімділігін арттыруға басымдық беретін нефрологиялық қызметті дамыту бағдарламасын әзірлеу ұсынылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу