Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні енгізу тәртібі әзірленді

392

Денсаулық сақтау министрлігі жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолдана отырып медициналық қызмет көрсету тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық акт әзірледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні енгізу тәртібі әзірленді Фото: canva

Аталған міндет Мемлекет басшысының өткен жылдың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырманы орындау аясында жүзеге асырылып отыр.

Онда жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолдану арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін мониторингтеудің жаңа жүйесін қалыптастыру міндеті қойылған.

Құжат денсаулық сақтау жүйесіне ЖИ енгізудің ашық, қауіпсіз әрі ғылыми негізделген моделін қалыптастыруға бағытталған. Оның аясында қабылданатын шешімдердің клиникалық және экономикалық тиімділігі міндетті түрде бағаланады. Бұл олардың практикалық маңызын арттырып, кең ауқымда енгізу кезінде тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Тәртіп ЖИ жүйелерін енгізу мен пайдаланудың бірыңғай тәсілдерін белгілейді. Ол медициналық бұйымдарға жататын бағдарламалық қамтамасыз етуді қоса алғанда, клиникалық шешімдерді де, сондай-ақ басқарушылық және әкімшілік процестерде қолданылатын клиникалық емес құралдарды да қамтиды.

Салада алғаш рет ЖИ технологияларын енгізудің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын алгоритмі айқындалды. Бұл үрдіс өтінім беруден және технологиялық дайындықты бағалаудан басталып, пилоттық апробациядан өткізуге дейін жалғасады. Қажет болған жағдайда тіркеу рәсімдерінен өту, сенімді шешімдер тізбесіне енгізу және кейіннен ауқымдау қарастырылған.

Құжатта шешімдердің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдейтін база қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Биоэтикалық сараптама, клиникалық валидация және денсаулық сақтау технологияларын бағалау тетіктері енгізіледі. Пилоттық жобалар аясында алгоритмдердің дәлдігі мен сезімталдығы, олардың клиникалық шешімдерге әсері және медицина қызметкерлерінің жүктемесіне ықпалы бағаланатын болады.

Сонымен қатар, сенімді жасанды интеллект жүйелерінің тізбесін қалыптастыру және олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін тіркеуден кейінгі кезеңде мониторингтеу мәселелері де қарастырылған.

Жоба ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау талаптарын күшейтуді, сондай-ақ әзірлеушілерден бастап медициналық ұйымдар мен пайдаланушыларға дейінгі барлық қатысушылардың жауапкершілігін нақтылауды көздейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл бұйрықты бекіту теңгерімді реттеуші ортаны қалыптастыруға, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі бақылауда енгізуге және денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу