Қазақстанда еңбек адамының беделі артады

1081

​Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде еңбек адамының беделі артатынын мәлімдеді.

Қазақстанда еңбек адамының беделі артады

– Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Әсіресе, ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз, – деді мемлекет басшысы Астанада өткен ұлықтау рәсімінде.

Оның айтуынша, бүгінде нағыз қаһармандар арамызда жүр.

– Қазіргі уақытта көпшілік нағыз батырлардың жетіспейтінін айтады. Бірақ нағыз қаһармандар жұрттың назарынан тыс жерде. Олар біздің арамызда. Батырлар күн сайын зауыт станогында жұмыс істейді, қоғамдық көлік жүргізеді, ұшақ штурвалына отырады, құтқарушының қорғаныс киімін киеді, науқасқа жедел жәрдем беруге асығады, әскери техниканы меңгереді. Нағыз батырлар балаларымыз бен қарт ата-аналарымыздың дастарханы ас-ауқат толы болуы үшін ауылда таңмен таласа оянады. Біздің батырлар – өзінің жеке кәсібін бастайтын, жұмыс орындарын ашатын, қызметкерлері мен олардың отбасыларына жаңа мүмкіндіктер тудыратын кәсіпкерлер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент батырлар өзінің махаббаты мен күш-қуатын, тәжірибесі мен білімін, мүлкі мен қаражатын қоғамға риясыз ұсынатын еріктілер мен игі іс жасайтындар екенін атап өтті.

– Олардың барлығы – халықтың мақтанышы әрі үміті. Міне, осындай еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі, – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу