Қазақстанда "Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы" жаңа Заң жобасы дайындалып жатыр. Құжат Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына және Парламент Сенаты депутаттарының бастамасына сәйкес әзірленуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заңның негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуы үшін медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерге тең әрі үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Бұл заң кешенді көмекке мұқтаж балалар үшін келісілген, тұрақты қолдау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Құжат БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің 2024 жылы Қазақстанға берген ұсынымдарын жүзеге асыруға бағытталған, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінова.
Бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мың бала бар. Оларды қолдау мақсатында 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді: 110 ПМПК, 230 КППК, 99 арнайы мектеп, 45 арнайы балабақша, 13 оңалту орталығы және 11 аутизм орталығы.
Инклюзивті білім беруді кеңейту үшін барлық мектептерде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері құрылып, 29 мыңнан астам маман жұмыс істеуде. Сондай-ақ мыңнан аса инклюзия кабинеті ашылған. Қазіргі таңда балаларды арнайы қолдаумен қамту деңгейі 85%-ға жетті.