Қазақстанда есту аппаратын алу жеңілдеді: енді мүгедектік мәртебесі талап етілмейді

408

​Қазақстанда есту қабілеті бұзылған азаматтарға есту аппаратын беру тәртібі өзгерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда есту аппаратын алу жеңілдеді: енді мүгедектік мәртебесі талап етілмейді Фото: mikrotia.ru

Енді медициналық көрсетілім болған жағдайда, мүгедектік мәртебесіне қарамастан есту аппаратын алуға мүмкіндік бар.

Бұған дейін мұндай құрылғылар тек есту қабілеті ауыр бұзылған әрі мүгедектігі бар азаматтардың жекелеген санаттарына ғана берілетін. Заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін сурдолог дәрігердің қорытындысы негізінде есту аппаратына мұқтаж кез келген пациент осы қызметті пайдалана алады.

Министрліктің мәліметінше, есту аппаратын алу үшін азамат алдымен сурдологтың тексеруінен өтеді. Дәрігер есту қабілетінің деңгейін анықтап, қажетті құрылғыны таңдап, медициналық қорытынды береді.

Жаңа жүйе аясында пациенттерге тек есту аппараты ғана емес, оны жеке іріктеу, баптау, құлақ қалыптамасын жасау, пайдалану бойынша оқыту, сондай-ақ кепілдік және кепілдіктен кейінгі сервистік қызметтер де көрсетіледі.

Сонымен қатар елімізде балалар арасындағы есту қабілеті бұзылыстарын ерте анықтау жұмыстары күшейтілген. Аудиологиялық скринингке цифрлық бақылау енгізілгеннен кейін мұндай жағдайларды анықтау көрсеткіші үш еседен астам өскен.

Қазір Қазақстанда сурдологиялық кабинеттер жұмыс істеп, диагностика, есту аппараттарын іріктеу және есту-сөйлеуді оңалту қызметтерін көрсетеді. Ал есту қабілеті ауыр бұзылған балаларға МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында кохлеарлық имплантация сияқты заманауи ем түрлері қолжетімді.

Денсаулық сақтау министрлігі қажетті нормативтік және ұйымдастырушылық жұмыстардың аяқталғанын мәлімдеді. Алдағы кезеңде өңірлерде қаржыландыру бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу