2026 жылы қабылданған өзгерістерге сәйкес, гидтер, экскурсия жүргізушілері мен туризм нұсқаушылары қызметін бастамас бұрын міндетті хабарлама беруге тиіс, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жаңа бірыңғай қағидалар мамандардың міндеттерін нақтылап, туристердің қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызмет сапасына қойылатын талаптарды белгілейді.
Міндетті хабарламасыз кәсіпкерлік қызмет жүргізу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Туризм индустриясы комитеті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, заң талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр.
Қазақстанда гид, экскурсия жүргізушісі немесе туризм нұсқаушысы ретінде қызмет бастағаныңыз туралы хабарламаны үйден шықпай-ақ онлайн жолдауға болады.
Ол үшін eLicense.kz порталына кірсеңіз жеткілікті:
- eLicense.kz сайтына кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тіркеліңіз немесе жеке кабинетіңізге кіріңіз.
- "Мәдениет, туризм және спорт" бөлімін ашып, "Хабарлау тәртібі" санатын таңдаңыз.
- Тізімнен Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын гид, экскурсия жүргізушісі, туризм нұсқаушысы қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама беру қызметін табыңыз.
- "Қызметке онлайн тапсырыс беру" батырмасын басып, қажетті мәліметтерді толтырыңыз. Енгізілген ақпараттың дұрыстығын тексеріңіз.
- Хабарламаға электрондық цифрлық қолтаңбаңызбен қол қойыңыз.
Жолданған хабарламаларды eLicense.kz порталындағы жеке кабинетіңіздің "Менің хабарламаларым" бөлімінен қарап, тексере аласыз.
Аталған қызмет тегін көрсетіледі және толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады.