Олжас Бектенов Президенттің "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кеңесте вандализм мен қоғамдық кеңістіктердің бүлінуіне жол бермеу шаралары бөлек қарастырылды. ІІМ вандализм фактілерінің жолын кесу бойынша шаралар қабылдап жатыр.
Ішкі істер министрлігі қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазулар мен суреттер салуға тыйым салуды және мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр. Мәдени мұра ескерткіштері мен табиғи нысандарды бүлдіргені үшін 11 қылмыстық іс тергелді. Еріктілермен бірлесіп есірткі граффитиі деп аталатын 80 мың сурет пен жазу өшірілді.
Есірткіні насихаттағаны және жарнамалағаны үшін 81 қылмыстық іс қозғалды, 19 адам сотталды.
"Есірткіге жол жоқ" цифрлық сервисі аясында азаматтар полицияға 150 құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлады. Сондай-ақ нысандарға жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы мониторинг жүргізіледі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Атап айтқанда, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазулар мен суреттер салуға тыйым енгізіп, бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыру ұсынылды.
Премьер-министр қалалардағы вандализм мен бұзақылықтың сорақы көріністерінің жолын кесу жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Тиісті тапсырмалар берілді.
"Ішкі істер министрлігі вандализм мен бұзақылықты болдырмау үшін қоғамдық орындарға зиян келтіретін "граффитидің" барлық түрлеріне толық тыйым салу мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындауы қажет", – деп тапсырды Премьер-министр.
Айта кетейік, 19 қыркүйекте Президент рұқсатсыз граффитиге заң жүзінде тыйым салуды тапсырған болатын. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Президент саябағында өткен "Таза Қазақстан" экологиялық акциясында барысында айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, еліміздің қалаларында бұған жол бермеу керек. Сондай-ақ әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын, қоғамдық орындарды бүлдіретін "шығармашылықтың" мұндай түріне толық тыйым салатын заңдық-нормативтік шаралар қабылдаған жөн.