Қазақстанда көше өнерімен айналысуға арналған арнайы алаңдар мен қабырғалар анықталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар граффити салуға рұқсат етілетін орындарды белгілеу мәселесін қарастырып жатыр.
"Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар көше өнерін орналастыруға арналған арнайы алаңдар мен қабырғаларды белгілеу мәселесін пысықтап жатыр", – деді Олжас Бектенов.
Алайда ғимараттардың қасбеттеріне, аялдамаларға, қоршауларға және граффити салуға арналмаған өзге де нысандарға жазу немесе сурет түсіруге әлі де тыйым салынады. Мұндай әрекеттер заң бұзушылық болып саналады.
Премьер-министр қолданыстағы заңнамада тарихи-мәдени мұра нысандарын, тарих және мәдениет ескерткіштерін, сондай-ақ мемлекет қорғауындағы табиғи нысандарды жазулар мен суреттер арқылы бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
Ал ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үйлерді, ортақ пайдаланылатын орындарды, көлік пен қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша вандализм фактілеріне қатысты 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Сонымен қатар ұсақ бұзақылық деректері бойынша 59 әкімшілік іс қозғалған.
Заңсыз жазулармен күресу және бүлінген нысандарды қалпына келтіру мақсатында әкімдіктер жанынан жедел топтар құрылған.
Олжас Бектеновтің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде 20 мыңнан астам заңсыз жазу мен сурет анықталған. Олардың барлығы бойынша тиісті шаралар қабылданып, жазулар мен суреттер өшірілген.
Бұдан бөлек, уәкілетті мемлекеттік органдар әкімшілік жауапкершілікті күшейту және заңнамада құқық бұзушылық түрлерін нақты ажырату бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.