Алматы қалалық полиция департаменті азаматтарға халықаралық жүргізуші куәлігін беруге құқығы жоқ жеке ұйымдарға, туристік агенттіктерге және басқа да құрылымдарға жүгінуге болмайтынын ескертті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Халықаралық жүргізуші куәлігі - жүргізушінің шетелде көлік құралын басқару құқығын растайтын құжат. Аталған құжат 1968 жылғы 8 қарашадағы Жол қозғалысы туралы Вена конвенциясына қол қойған 180-нен астам елде мойындалады.
Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының бастығы Айдын Меркімбаевтың түсіндіруінше, Қазақстан Республикасының "Ішкі істер органдары туралы" заңының 6-бабына сәйкес, жүргізуші куәліктерін, оның ішінде халықаралық куәліктерді беру ішкі істер органдарының айрықша құзыретіне жатады.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында халықаралық жүргізуші куәліктері берілмейді.
Азаматтардың күмәнді онлайн-сайттар немесе жеке фирмалар арқылы куәлік рәсімдеуге берген өтініштері заңды күшке ие емес. ХЖК ұлттық жүргізуші куәлігінің орнын баспайды, тек оның ресми аудармасы саналады.
Құжат қажет болуы мүмкін:
- шетелде автокөлікті жалға алу кезінде;
- жеке автокөлікпен шекарадан өту кезінде;
- жолдағы тексеру барысында құжаттарды көрсету кезінде;
- шетелде сақтандыруды рәсімдеу кезінде.
Халықаралық жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру немесе оқудан өту талап етілмейді.