Қазақстанда инвестициялық прокурорлар жұмыс істейтін болды

188

Бас прокуратурада Инвестициялар комитеті мен "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының өкілдері қатысқан жұмыс кеңесі өтті.  

Қазақстанда инвестициялық прокурорлар жұмыс істейтін болды Фото: t.me/GenPr

Кеңесте инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тиімділігін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда инвесторлардың құқығын бұдан былай Бас прокуратураның үйлестіруімен Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті қорғайды.

Жақында Президент жарлығымен Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылған. Инвесторлардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық омбудсмен функциялары Бас Прокурорға жүктелді. Енді өңірлерде инвестициялық прокурорлар жұмысын бастайды.

"Жаңа комитеттің негізгі міндеттері – инвестициялық қызмет саласында қадағалауды күшейту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың бұзылуына жол бермеу. Сондай-ақ құқықбұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, осы саладағы ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету көзделген", – делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.

Елде жалпы "Прокурорлық сүзгі" тетігі енгізілді. Ол инвесторлардың құқықтарын қорғайтын мемлекеттік органдардың шешімдерін прокурормен міндетті түрде келісуді көздейді. Аталған тетік енгізілген сәттен бастап прокурорлар 1100 шешімге келіспей қайтарылып, 400 тексеру, 480 әкімшілік іс жүргізу және 210 өзге де шектеу шараларының жолы кесілген.

Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ірі халықаралық және жоғары технологиялық инвесторларды қолдауға бағытталған "Жасыл дәліз" тетігі іске асырылып жатыр. Бұл тетікке 137 инвестициялық жоба енгізілген. Бұл бойынша 16 мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Қазір прокурорлар жалпы құны 76 трлн теңгені құрайтын 1790 инвестициялық жобаны сүйемелдейді. Жалпы сомасы 23 трлн теңге болатын жобаларды іске асырып жатқан шамамен 2 мың инвесторға нақты құқықтық көмек көрсетілген. Инвесторлардың өтініштерін қарау кезінде жол берілген созбалаңдық пен кедергілер үшін 326 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу