Қазақстанда инвесторлардың инженерлік желілерге қосылу тәртібі жеңілдетілді

Бұл туралы Бас прокуратураның ресми парақшасы жазды.

Қазақстанда инвесторлардың инженерлік желілерге қосылу тәртібі жеңілдетілді Фото: Үкімет

Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 1 294 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы шамамен 220 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті инженерлік желілерге қосылу кезінде кәсіпкерлерге жасалған әкімшілік кедергілерді жоюға қол жеткізді. 

Комитет жүргізген талдау барысында кәсіпкерлерден заңнамада көзделмеген қосымша келісімдер талап ету, техникалық шарттарды беруден негізсіз бас тарту және инженерлік желілердің бос қуаттары туралы ақпаратты жарияламау деректері анықталған.

Атап айтқанда, еліміздің ірі қалаларының бірінде инвесторлардан техникалық шарт алу үшін жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісу талап етілген. Комитеттің араласуынан кейін бірнеше жыл бойы жалғасқан бұл заңсыз тәжірибе тоқтатылды.

Сонымен қатар, инженерлік желілердің қолжетімді қуаттары туралы мәліметтерді жарияламағаны және уақытылы жаңартпағаны үшін 40-тан астам табиғи монополия субъектісі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. 

Техникалық шарттарды цифрлық форматта беру жұмысы да жанданды. Қазір осы қызметті көрсететін 426 табиғи монополия субъектісінің 424-і "Мемсараптама" РМК-ның Геопорталында авторизациядан өткен. Енді өтінімдер электронды жүйе арқылы қаралады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік табиғи монополия субъектілерінің басшыларының жауапкершілігі күшейтілді. Инвесторларға техникалық шарт беруден бас тарту туралы шешімге енді кәсіпорынның бірінші басшысы қол қоюы тиіс. Бұл тәжірибе Астанадағы "Астана-Теплотранзит", "Астана-РЭК" және "Астана Су Арнасы" ұйымдарында енгізілді.

Тағы бір мәселе – ірі кәсіпорындардың электр қуатының едәуір бөлігін пайдаланбай, ұзақ уақыт резервте ұстауы. Бұл жаңа өндірістерді желіге қосуға кедергі келтіреді. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті пайдаланылмайтын электр қуатын резервте сақтағаны үшін ақы енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірледі.

Ведомствоның мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары әзірленіп, тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер дайындалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу