Қазақстанда қан ауруларын емдеудің жаңа мүмкіндігі пайда болмақ

182

Кәмелетке толмаған туған бауырлары донор бола алады.

Қазақстанда қан ауруларын емдеудің жаңа мүмкіндігі пайда болмақ Фото: yusupovs.com

Қазақстанда лейкозды қоса алғанда, қанның ауыр ауруларына шалдыққан пациенттер үшін қан түзуші дің жасушаларын трансплантаттау мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа нормаға сәйкес, ерекше жағдайларда кәмелетке толмаған балалардың туған бауырлары мен әпке-сіңлілері дің жасушаларының доноры бола алады.

Бұл өзгеріс Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылған денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасында қарастырылған.

Қан түзуші дің жасушаларын трансплантаттау – қанның ауыр ауруларын емдеудің заманауи әдістерінің бірі. Кей жағдайда пациентке ең қолайлы донор оның кәмелетке толмаған туған бауыры немесе әпке-сіңлісі болуы мүмкін.

Ұсынылып отырған түзету мұндай пациенттерді емдеу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Алайда кәмелетке толмаған баланың денсаулығын қорғау үшін бірқатар міндетті талап қойылады.

Атап айтқанда, донорлыққа екі заңды өкілдің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімі қажет. Егер баланың бір ғана заңды өкілі болса, оның келісімі жеткілікті. Сондай-ақ медициналық араласу басталғанға дейін келісімді қайтарып алуға болады.

"Трансплантаттау – қазіргі медицинаның ең күрделі әрі жауапты бағыттарының бірі. Біздің міндетіміз – заманауи емдеу әдістерін қауіпсіз қолдануға қажетті жағдайлар жасау", – деп атап өтті Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, ұсынылып отырған норма тек қан түзуші дің жасушаларын донорлыққа қатысты. Кәмелетке толмаған балалардың ағза донорлығына қолданылмайтынын айта кеткен жөн. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу