Қазақстанда қанша мұнай-газ ресурсы бар екені жарияланды

2397

Каспий маңы бассейнінің терең қабаттарына сейсмобарлау жүргізу қажет.

Қазақстанда қанша мұнай-газ ресурсы бар екені жарияланды

Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, еліміздің 15 шөгінді бассейнінде шамамен 76 млрд тоннаны құрайтын мұнай-газ ресурсы бар екенін жеткізді. 

Оның сөзінше, шөгінді бассейндердің бесеуі игерілген, бесеуі аз зерттелген, қалған бесеуінің перспективасы төмен. 

"Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғышлақ, Оңтүстік Торғай, Зайсан бассейндерінің терең қабаттарын геологиялық іздестіру-бағалау жұмыстарына жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр. Аз зерттелген Солтүстік-Торғай, Ертіс маңы, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу шөгінді бассейні аумақтарында геологиялық зерттеуді мемлекеттік бюджет есебінен жүргізу қажет деп есептейміз", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр былтыр мемлекеттік бюджет есебінен қатты пайдалы қазбаларға іздеу жұмыстарын жүргізу кезінде Үлкен Қаратауда мұнай көзі анықталғанын айтты. 

"Осы аумақтың перспективасын анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстарын әрі қарай жалғастыру керек. 90-жылдары жүргізілген заманауи сейсмикалық зерттеулердің нәтижесінде Қашаған, Қаламқас-Теңіз, Солтүстік Трува және де басқа кен орындары ашылды. Бүгінгі күні ескі сейсмикалық мәліметтер көп болғанымен, оның сапасы мен нақтылығы қазіргі талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті, Каспий маңы бассейнінің терең қабаттарының әлеуеті әлі толықтай бағаланған жоқ. Бұл бассейн инвесторлар үшін тартымды аймақ. Қазіргі кезде көптеген отандық және шетелдік компаниялар осы бассейнде геологиялық зерттеу жүргізуге деген өздерінің ниеттерін білдіруде. Сондықтан да, жаңартылған геологиялық ақпаратты алу үшін заманауи сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу қажет", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу