Қазақстанда кәсіпорындар 4 күндік жұмыс аптасына көшуге әзірленуде

2575

Дағдарыс жағдайында тапсырысы және табысы күрт азайған кәсіпорындар қысқарған жұмыс аптасына көшуді қарастыруда.

Қазақстанда кәсіпорындар 4 күндік жұмыс аптасына көшуге әзірленуде

Бұл – персоналды қысқартуға балама бола алады екен. Сол арқылы отандық бизнес әкімшілік шығындарды кеміте алады. Себебі жалақы жұмыс күніне төленетіні мәлім.

"Бүгінде әлемде көптеген компаниялар 4 күндік жұмыс аптасы режиміне көшіп жатыр. Нәтижесінде, жұмыскерлерге 3 демалыс күні беріледі, бұлар – сенбі, жексенбі және компанияның таңдауына қарай аптадағы кез келген 1 күн. Сонымен бірге қазақстандық жұмыс берушілер қазіргі 8 сағаттық жұмыс күнін 9 немесе 10 сағатқа дейін ұзартуды қалайды. Соның ішінде 1 сағатқа түскі асқа үзіліс беріледі. Сонда заңда көзделген аптасына 40 сағаттық жұмыс режимі сақталады", – деді кәсіпкер Жансая Үсенова.

Жұмыс берушілерді, компания басшыларын мазалаған сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Серік Шәпкенов жауап берді. Ол Еңбек кодексінің 70-ші бабында "Толық емес жұмыс уақыты" қарастырылғанына назар аудартты.

"Оған сәйкес, еңбек шартын жасасқан кезде, сондай-ақ еңбек қатынастары процесінің барысында жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы жазбаша келісім бойынша толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін. Яғни Қазақстанда өзара келісу арқылы аптадағы жұмыс күндерін қысқартуға заңмен рұқсат етілген. Осыған байланысты еңбек қатынасының тараптары 4 күндік жұмыс аптасын енгізуді өзара келісім арқылы шешеді", – деді министр. 

Ал кеңес кезінен қалыптасқан және негізінен сақтала бермейтін 8 сағаттық жұмыс күнін 9-10 сағатқа дейін ұзартуға рұқсат етілмейді.

"Себебі Еңбек кодексінің 71-бабында жұмыс уақыты режимі нақты бекітілген. Осы баптың 4-бөліміне сәйкес, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайды. Осылайша, 9-10 сағаттық күн сайынғы жұмыс ұзақтығын орнатуға рұқсат етілмейді", – деді Серік Шәпкенов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу