Көрші елдер өзара "шекараларын" алып тастауы мүмкін

1272

Ең алдымен, қырғыз-тәжік шекарасынан күзетті алып тастау көзделіп отыр.

Көрші елдер өзара "шекараларын" алып тастауы мүмкін Фото: canva

Содан соң мұндай ашықтық Өзбекстанмен арада орнайды.

Бұл туралы көрші Қырғызстанда беделі және саяси салмағы жөнінен Президент Садыр Жапаровтан кейінгі тұлға, Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев мәлімдеді.

Оның байламынша, таяу уақытта Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекарада шекарашылардың тұрақты тұруына деген қажеттілік жойылады. Бұл мәлімдеме қырғыздың Жалалабад облысындағы 1 ай бұрын ғана жаңа атау алған Манас қаласында (бұрынғы Жалалабадта, Тәшиевтің туған жерінде) өткен, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекаралық әскерлері қолбасшылары кеңесінің 91-ші отырысы барысында жария етілді.

Ұлттық қауіпсіздікке жауапты Мемкомитет басшысының дерегінше, қазіргі кезде Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстанның Президенті Эмомали Рахмон қос көршінің тұрғындары тек достық пен тату көршілік жағдайында ғана өмір сүруі үшін қажетті шарттарды қалыптастырып, бекемдеу үшін бірлесе жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге, Орталық Азияның үш республикасы одақтастығын нығайтуға күш салуда.

Дегенмен, бұл бастама – болашақтың еншісіндегі жоба болса керек. Әзірге, ҰҚМК Шекаралық қызметіне сілтеме жасап, 24.kg хабарлауынша, 2025 жылғы 25 қазандағы жағдай бойынша қырғыз-тәжік шекарасында кең ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізілуде.

Нақтылағанда, жалпы ұзындығы шамамен 1 мың шақырымды құрайтын екі елдің ортақ шекарасының келесі телімдерінде инженерлік қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды:

107 шақырымынан астамы "сезімтал" сыммен жабдықталды;

109,3 шақырымында темірбетон бағаналар орнатылды;

71,9 шақырымында "Егоза" сымы тартылды;

26,4 шақырымынан астамы тікенді сыммен қоршалды;

9,2 шақырымдайында 3D-дуал қойылды;

Патрульдеу үшін шекара бойынша 143,6 шақырымнан астам жаңа жол төселді.

Бірінші кезеңде, қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының 420 шақырымында тиісті инфрақұрылым түзу жоспарланған. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бәлкім, осындай құралдар және дронмен қадағалау бұл елдерді ол жақта шекарашылардың тұрақты, әрі кірпік қақпас қырағы күзетіне деген мұқтаждықтан арылтуы мүмкін. 24.kg ортақ шекарадан шекарашыларды алып тастауға қатысты бұдан өзге қандай да бір егжей-тегжейлі ақпараттың жария етілмегенін қаперге салды.

Сонымен бірге, Тәшиев ізінше Қырғызстан мен Тәжікстанның 5 облысының өкілімен кездесіп, жеке әңгімелесті. Оның арасында қырғыз Президентінің Баткен облысындағы уәкілетті өкілі Айбек Шаменов, Ош облысындағы уәкілетті өкілі Елшібек Жантаев, Жалалабад облысындағы уәкілетті өкілі Тілек Текебаев, сондай-ақ Тәжікстанның Соғды облысының әкімі Раджаббой Ахмадзода және Таулы-Бадахшан автономды облысының төрағасы Мирзонабот Әлішер Худоберди бар.

"Жалпы, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан шекараларында таяу арада шекарашылардың тұруы талап етілмеуі мүмкін. Президенттеріміз тиісті жағдайлар жасауда. Біз тек достықта өмір сүруге тиіспіз. Біздің бұдан басқа амалымыз жоқ және болуы да мүмкін емес! Әрі қарай халықтарымыз, қарапайым адамдар өзара достасуы, ықпалдасуы, еркін алыс-беріс, барыс-келіс жасауы үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз", – деді жиналғандарға қайрылған Қамшыбек Тәшиев.

Бұған дейін Turmush порталы жазғандай, 2025 жылғы 31 наурызда тәжіктің Худжанд қаласында үш республика лидерінің бөлек саммиті өтті. Оның аясындағы үшжақты келіссөздер қорытындысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев үш елдің "Мәңгілік достығы туралы Худжанд декларациясына" қол қойды.

Одақтастар үш мемлекеттің шекараларының түйісу нүктесі туралы тарихи Келісімді де бекітті. Осылайша, Тәжікстан-Өзбекстан, Өзбекстан-Қырғызстан және Тәжікстан-Қырғызстан арасындағы шекара үшін қарулы қақтығыстар тарих қойнауына кетсе керек. Себебі, үш ел ғасырлар бойы жалғасқан шекараларына қатысты барлық даулы мәселелерді ақыры толыққанды шеше алды.

Үш республиканың лидерлері өз мәлімдемелерінде бұдан былай бір-бірінің егемендігі мен территориялық тұтастығын мәңгілік құрметтеуге және сақтауға, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің тиімді ынтымақтастығының және конструктивті сұхбаттастығының ең озық үлгісін әлемге паш етуге уәде етті.

Айтқандай, Орталық Азия аймағының үш республикасының одақтастығының символы тасқа қашалды. Биыл Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан көшбасшылары бейнеконференцбайланыс форматында үш елдің шекараларының түйісу нүктесінде орнатылған символдық стеланы салтанатты түрде ашты. Президенттер өз алдындағы тиісті батырманы бір мезгілде, бірдей басты.

Осыдан кейін Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан вице-премьерлері қызыл лентаны қиып, "Достық стеласы" аталған тарихи ескерткіштің шымылдырығын сыпырды. Ресми мәлімет бойынша биіктігі 21 метрлік стела халықтардың достығын бейнелейді және үш республиканың ынтымақтастығының, өзара сенімінің және тату көршілігінің жаңа дәуірінің басталуының бір символы саналады.

Өзбекстан Үкіметі басшысының бірінші орынбасары Ачилбай Раматовтың тұжырымдауынша, бүгінде Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан арасындағы тату көршілік және достық байланыстар нығайып келеді. Үш елді әлемдік нарықтарға делдалсыз, тікелей шығаратын жаңа халықаралық теміржол және автокөлік дәліздері біріктіруде.

"Шекараға қатысты барлық мәселе шешілгелі біздің елдеріміздің өзара сенімге, татулыққа, ауызбіршілікке негізделген, бірлесе дамуға бағытталған жаңа ынтымақтастық кезеңі басталды. Бұған бірінші кезекте үш бауырлас мемлекеттің көшбасшыларының арасындағы сенім, достық пен диалогтың жоғары деңгейінің арқасында қол жеткізілді", – деді Раматов.

Дегенмен, үш елдің шекарасы бәрібір күзетусіз қалдырылмайды. Өйткені оны есірткі тасушылардың, қашқын қылмыскерлердің және басқасының кесіп өту қаупі сақталады.

"Мемлекеттік шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа сын-тегеуріндер пайда болуда. Олар бір жағынан, жедел үн қатуды, екінші жағынан, ұзақ мерзімді стратегияларды түзуді талап етеді. Заманауи қауіп-қатерлерге лайықты төтеп беру кешенді және мемлекетаралық іс-қимыл қажет. Өзекті мәселелер – есірткі тасымалы, қару-жарақ контрабандасы, заңсыз миграция. Қазіргі кезде тіпті қылмыстық құрылымдар заңсыз жүктерін шекарадан арлы-берлі өткізу үшін пилотсыз ұшатын аппараттарды пайдаланады", – деді Қамшыбек Тәшиев.

Ол сондай-ақ кең ауқымды миграциялық ағымдар гуманитарлық дағдарыс қаупін туындататынын нықтады. Оның пікірінше, көрші елдер бұл қауіп-қатерлерді еңсеру үшін елеулі әлеуетке ие. Тек алауыздыққа, әр жаққа тартушылыққа жол бермей, тізе қоса қимылдағаны маңызды.

Қырғыздық ұлттық қауіпсіздік органы басшысының мәліметінше, бұған дейін жүргізілген бірлескен арнайы операциялар трансшекаралық қылмыспен күрестегі тиімділігін көрсетіпті.

"Бұл іске қазіргі заманғы үздік технологияларды белсенді ендіруіміз керек. Сонымен бірге, елдеріміз арасында ақпаратты жылдам әрі цифрлық алмасуды дамытқанымыз жөн. Жеке құрамдардың біліктілігін бірлесе арттыру да күн тәртібінде тұр. Ең бастысы, барлау деректерімен нақты уақыт режимінде өзара алмасуды және үйлесімді әрекет етуді күшейту қажет", – деді ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев.

Көрші елдер осы бағыттағы ынтымақтастығының келесі бастапқы басым бағыттарын белгіледі:

Кибершабуылдарға және ақпараттық қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимыл;

Заңсыз көші-қонмен күрес;

Контрабанда, есірткі тасымалы және басқасы үшін пайдаланылатын дрондарды аулап, құлатып түсіру технологиялары мен құралдарын (радиоэлектронды күрес) бірлесе енгізу.

Өзара қол жеткізілген уағдаластық бойынша республикалар ортақ қауіпсіздікті нығайту және жедел ақпарат алмасу бойынша іс-шаралардың тұтас кешенін қабылдауды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу