Қазақстанда кедейлік шегінде өмір сүретіндердің саны артты

830

Биыл елімізде кедейшілікте өмір сүретіндердің үлесі көбейген.  

Қазақстанда кедейлік шегінде өмір сүретіндердің саны артты Фото: egemen.kz коллажы

2026 жылдың бірінші тоқсанында кедейлік шегінде өмір сүретіндердің саны 1 миллионнан асты. Бұл ел халқының 4,9 пайызын құрап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын тұрғындардың саны 10 пайызға өскен.

Бұл ретте ведомство ресми емес, нақты күнкөріс минимумын негізге алған. Ол – 64,2 мың теңге. Қазіргі таңда ел халқының 4,9 пайызы осы деңгейден төмен табыспен өмір сүріп жатыр.

Кедейлік деңгейі ең жоғары өңір – Түркістан облысы. Мұнда 182,1 мың адам немесе өңір тұрғындарының 8,5 пайызы күнкөріс минимумына жете алмай отыр. Одан кейін Абай облысы (7,6%), Маңғыстау облысы (7,2%) және Жетісу облысы (6,8%) орналасқан.

Ал ең төменгі көрсеткіш Астана қаласында тіркелді. Елордада кедейлік деңгейі 2,7 пайызды құрағанымен, бір жыл ішінде кедейлік шегінде өмір сүретін тұрғындар саны 34,8 пайызға артқан.

Сондай-ақ Алматы қаласында табысы күнкөріс минимумынан төмен тұрғындар саны 97,8 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 21,5 пайызға көбейген.

Статистикаға сәйкес, кедейлік көбіне көпбалалы және үлкен отбасыларда байқалады. Елдегі аз қамтылған азаматтардың 873,5 мыңы бес және одан да көп адам тұратын отбасыларда өмір сүреді.

Бұдан бөлек, 25,4 мың адамның айлық табысы ең төменгі азық-түлік себетінің құнынан да төмен. Яғни олардың бір айдағы табысы 35,3 мың теңгеге де жетпейді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артқан.

Ең төмен табыспен өмір сүретін тұрғындар санының ең жоғары өсімі Ұлытау облысында (3,1 есе) және Шымкент қаласында (1,6 есе) тіркелген. Ал, Қазақстанда бір адамның орташа айлық табысы 133,3 мың теңгені құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу