Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа жобалар іске қосылады

257

Елімізде "Жылдың 10 оқырманы" жобасы басталып, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы құрылады.  

Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа жобалар іске қосылады Фото: farabi.university

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға және оқырман ұлт қалыптастыруға бағытталған жаңа жобалар қолға алынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еске салсақ, 16 мамырда Президент адам капиталын дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтуға және білімді әрі бәсекеге қабілетті оқырман ұлт қалыптастыруға бағытталған "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойған болатын.

Президент тапсырмаларын іске асыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап оқуды кеңінен насихаттауға, кітапхана ісін жаңғыртуға және азаматтардың білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыруды бастады.

Солардың бірі – 2026 жылдың қыркүйегінде басталатын "Жылдың 10 оқырманы" республикалық жобасы. Жоба аясында жыл сайын әртүрлі жас санаттары бойынша ең белсенді оқырмандар анықталып, кітап оқуды дәріптеуге бағытталған үздік өңірлік бастамалар марапатталады.

Сонымен қатар кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтарды ынталандыру мақсатында арнайы Ұлттық сыйлық тағайындау жоспарланып отыр. Марапат кітапханашыларға, педагогтерге, журналистерге, баспагерлерге, жазушыларға, қоғам қайраткерлеріне және креативті индустрия өкілдеріне беріледі.

Министрлік кітапхана ісін цифрландыруға да ерекше көңіл бөлуде. Осы бағытта Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жұмыстары басталды. Жаңа жүйе электронды каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстарын және заманауи сервистерді біріктіреді.

Жоба іске қосылғаннан кейін еліміздің кез келген тұрғыны орналасқан жеріне қарамастан отандық әдебиетке, ғылыми еңбектерге, сирек кітаптар мен архивтік материалдарға қол жеткізе алады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда электронды форматтағы кітаптарды оқу көрсеткіші 9 миллионнан асқан.

Сондай-ақ елімізде кітапхана инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Тек 2025 жылдың өзінде үш жаңа кітапхана ашылып, қала және ауылдық жерлердегі 36 кітапхана жаңартылған. Биыл тағы 30 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу