Қазақстанда күшті әсер ететін препараттарды заңсыз сатқан 21 адам ұсталды

298

Күдіктілерден 50 мыңнан астам құты "Тропикамед" тәркіленді.

Қазақстанда күшті әсер ететін препараттарды заңсыз сатқан 21 адам ұсталды Фото: Polisia.kz

Қазақстанның бірнеше өңірінде күшті әсер ететін психотроптық препараттардың заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтардың жолы кесілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Арнайы операция барысында барлығы 21 адам ұсталып, 50 мыңнан астам құты препарат тәркіленді..

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазан айында Көкшетау, Щучинск қалалары мен "Бурабай" курорттық аймағында бір мезгілде арнайы операция жүргізілген. Нәтижесінде препараттарды жеткізу және таратумен айналысқан 11 адам ұсталды. Олардың арасында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер және басқа да тұлғалар бар.

Тінту кезінде "Тропикамед" препаратының 50 мыңнан астам құтысы және соған ұқсас басқа препараттардың шамамен 4 мың бірлігі тәркіленді. Сонымен қатар атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және шетел валютасын қоса алғанда, ірі көлемдегі ақша анықталды.

Осындай операция Қарағанды мен Теміртауда да жүргізілді. Онда жергілікті қылмыстық орта өкілдері кірген 10 адамнан тұратын топ ұсталды. Тергеу мәліметінше, олардың Қарағанды облысында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды заңсыз өткізуге қатысы бар.

Тінту барысында психоактивті заттар, травматикалық және суық қару тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

– Мұндай қылмыстар қоғамға елеулі қауіп төндіріп, адамдардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптар әкелуі мүмкін. Қабылданған шаралардың нәтижесінде күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасының қызметі тоқтатылып, қауіпті өнімдердің едәуір көлемі заңсыз айналымнан алынды және олардың халық арасында одан әрі таралуына жол берілмеді. ІІМ осындай қылмыстарды анықтау және жолын кесу, заңсыз схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау және оларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу