Бүгінде ел аумағында шаңғы, сноуборд және қысқы белсенді демалыстың өзге де түрлеріне арналған 13 негізгі бағыт жұмыс істейді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алматы қаласының маңы
Shymbulak – Қазақстандағы ең танымал тау шаңғы курорттарының бірі. Мұнда жалпы ұзындығы 20 шақырымға жуық, әртүрлі деңгейдегі трассалар, аспалы жолдар және жабдықтарды жалға беру пункттері бар. 2023 жылы курорттағы түнгі трасса әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы жолы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Қосымша мүмкіндіктер: зиплайн, атпен серуендеу, парапланмен ұшу, коньки тебу.
Pioneer отбасылық тау курорты – ұлттық парк аумағында, 2000 метрден жоғары биіктікте орналасқан. Трассалардың жалпы ұзындығы 3 мың метрді құрайды. Әуесқойлар мен тәжірибелі спортшыларға бірдей қолайлы, жыл бойы жұмыс істейді. Табиғи маршруттар, отбасылық бағдарламалар және құрал-жабдықтарды жалға алу қызметі қарастырылған.
Алматы облысы
Oi-Qaragai – төрт маусымдық отбасылық тау курорты. Мұнда жалпы ұзындығы 28 шақырым болатын 15 трасса бар. Аумағында қонақ үйлер, мейрамханалар және ойын-сауық алаңдары жұмыс істейді.
Қосымша: арқанды парк, ат спорты орталығы, садақ ату, пейнтбол, экскурсиялар.
Ақ Бұлақ – биік таулы аймақта орналасқан курорт. Әртүрлі дайындық деңгейіне арналған трассалар мен фрирайд бағыттарын ұсынады, ең ұзын трассасы 2,5 шақырымға дейін жетеді.
Қосымша: сауықтыру бағдарламалары, квадроциклдер.
Ақмола облысы
Orman Ski Resort – Щучье-Бурабай курортты өңірінде орналасқан. Ұзындығы 800 метрге дейін жететін трассалар, көтергіштер, кешкі жарықтандыру, жалға беру пункті және нұсқаушылар мектебі бар.
Белсенді демалыс түрлері: шаңғы, сноуборд, тюбинг, қарда жүретін көліктер, шанамен сырғанау.
Elikti Park – Көкшетау қаласынан 25 шақырым жерде, Зеренді ауданында орналасқан. Ұзындығы 4 шақырымға дейін жететін трассалар, бугельді және орындықты көтергіштер бар.
Белсенділіктер: тау шаңғысы, сноуборд, тюбинг, коньки тебу.
Нұртау базасы – ұзындығы 800 метрлік трассасы, аспалы жолы және тюбингке арналған төбешіктері бар демалыс орны.
Шығыс Қазақстан облысы
Өңірде бірден төрт тау шаңғы кешені жұмыс істейді.
Алтай Альпісі – Өскемен қаласынан 24 шақырым жерде орналасқан. Ұзындығы 4,5 шақырымға дейін жететін 12 еңісі бар, маусым қарашадан сәуірге дейін созылады.
Қосымша: нұсқаушылар, жабдықтарды жалға алу, монша, балық аулау, атпен серуендеу, арқанды парк.
Нұртау – облыс орталығынан 35 шақырым жерде. Екі негізгі трасса, фрирайд аймақтар және шамамен 2 шақырымдық еңістер қарастырылған. Балалар орталығы мен коттедж қалашықтары бар.
Қосымша: тюбинг, монша, қарда жүретін көліктермен экскурсиялар.
Риддер қаласының маңы
Stardust Camp – Жоғары-Хайрузовка ауылында орналасқан. Ұзындығы 1 шақырымдық бугельді көтергіш, тюбинг және қонақ үй мен глэмпингте түнеу мүмкіндігі бар.
Эдельвейс – әртүрлі деңгейдегі, соның ішінде слаломға арналған сертификатталған трассалары бар. Жалпы ұзындығы шамамен 1,3 шақырым.
Қосымша: таулы жорықтар, коньки тебу.
Түркістан облысы
Алатау төрт маусымдық курорты – Төлеби ауданы Нысанбек ауылында орналасқан. Қыста шаңғы, сноуборд, тюбинг және қарда жүретін көліктер қолжетімді. Трассалардың жалпы ұзындығы 1,8 шақырымды құрайды.
Қосымша: қарда және атпен серуендеу, отбасылық бағдарламалар.
Павлодар облысы
Мырзашоқы тау шаңғы базасы – Қаражар ауылының маңында орналасқан. Ұзындығы 960 метр болатын трассалар мен аспалы жол бар, түнеу мүмкіндігі қарастырылмаған.
Қосымша: тюбинг, қысқы пикниктер, қарда жүретін көліктер, экскурсиялар.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, қысқы туризм саласына арналған ұлттық стандарттар жергілікті атқарушы органдарға жолданған. Қысқы маусымда уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар мен көшпелі мониторингтік тексерулер жүргізіледі. Тексеру барысында трассалар мен көтергіштердің техникалық жағдайы, қауіпсіздік пен санитарлық талаптардың сақталуы, сондай-ақ туристік инфрақұрылымның ұлттық стандарттарға сәйкестігі бағаланып, демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етіледі.