Қазақстанда ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға заңмен тыйым салынды

203

Бұл түзетулер адам құқығын шектеуге бағытталмаған.  

Қазақстанда ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға заңмен тыйым салынды Фото: SHUTTERSTOCK

Мәжілістің жалпы отырысында ЛГБТ-ны насихаттауды тыйым салатын жаңа нормалар қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, заң жобасына педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді.

"Балалар мен жасөспірімдер интернетте күн сайын отбасы, адамгершілік және болашақ туралы түсініктеріне теріс әсер етуі мүмкін ақпаратты кездестіретінін байқаймыз. Өскелең ұрпақтың санасын заңсыз контенттен қорғау – олардың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығын сақтау мәселесі. Бұл тақырып Мәжіліс депутаттары тарапынан бірнеше мәрте көтерілді", – деді Елнұр Бейсенбаев.

Мәжілісмен бастамашыл топтың педофилия мен дәстүрлі емес бағдарды насихаттайтын ақпараттың таралуын шектеуге бағытталған түзетулер ұсынғанын жеткізді.

"Түзетулер бала құқықтары, жарнама, байланыс, мәдениет, білім, кинематография және БАҚ туралы заңдар кіретін тоғыз негізгі заңды қамтиды. "Дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттау" ұғымы туралы нақты анықтама енгізіліп, БАҚ-та, онлайн платформаларда және телекоммуникациялық желілерде педофилияны және дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратты орналастыруға шектеу қойылады", – деп атап өтті ол.

Осы тұста депутат ЛГБТ қауымдастығына жататын азаматтардың жеке құқықтарын ешкім шектеп жатпағанын баса айтты.  Бұдан бөлек Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де ЛГБТ-ны насихаттауды тыйым салу бойынша нормаға қатысты пікір білдірді.

"ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормаларымыз кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтып жүргендей ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмаған. Керісінше, бұл нормалар дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан  қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді. Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйымның құқығы жоқ", – деді мәжілісмен.

Оның сөзінше, бұл нормалар ұлттың мүддесін қорғауға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу