Қазақстанда Майдандық авиация күні алғаш рет аталып өтіп жатыр

362

Мереке Талғат Бигелдиновтің туған күніне орай белгіленген.  

Қазақстанда Майдандық авиация күні алғаш рет аталып өтіп жатыр Фото: gov.kz

Бүгін Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде жаңа кәсіби мереке – Әуе қорғанысы күштерінің Майдандық авиация күні алғаш рет аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атаулы күн 2025 жылы Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілген. 5 тамызда атап өтілуінің себебі – дәл осы күні 1922 жылы аты аңызға айналған әскери ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов дүниеге келген.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Талғат Бигелдинов Ил-2 шабуылдаушы ұшағымен 305 жауынгерлік ұшу орындаған.

– Майдандық авиация күнінің 5 тамызға белгіленуі – даңқты жерлесіміз Талғат Бигелдиновке, оның майдандас серіктеріне көрсетілген құрмет әрі бүгінгі әскери ұшқыштардың, инженерлер мен техниктердің еңбегін мойындаудың белгісі. Шабуылдаушы ұшқыштардың шебері атанған қаһарманның ерлігі әлі күнге дейін әскери қызметшілерді оқу-жауынгерлік міндеттерді мінсіз орындауда, кәсіби шеберлігін шыңдауда және күрделі ұшу тәсілдерін жетілдіруде жігерлендіріп келеді, – деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов.

Қазіргі Қазақстанның майдандық авиациясы аға буын ұшқыштарының жауынгерлік дәстүрін жалғастырып келеді. Оның құрамында Су-30СМ көпфункциялы жойғыштары мен жаңғыртылған Су-25 шабуылдаушы ұшақтары бар.

Атаулы күнге орай еліміздің негізгі авиациялық базаларында әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің ардагерлерін құрметтеу рәсімдері, батыр ұшқыштардың ескерткіштеріне гүл қою және жастармен кездесулер ұйымдастырылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу