Қазақстанда майлы зығырды жылына төрт ұрпаққа дейін өсіретін жедел селекция енгізілді

135

Қазақстанда алғаш рет майлы зығырды жедел селекциялау бағдарламасы іске қосылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда майлы зығырды жылына төрт ұрпаққа дейін өсіретін жедел селекция енгізілді Фото: АШМ

Жоба Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) еншілес ұйымы – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында SPEED BREEDING технологиясы арқылы жүзеге асырылуда.

Майлы дақылдар зертханасының меңгерушісі Светлана Дидоренконың айтуынша, жаңа әдіс жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген отандық сорттарды шығару мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Зығыр (Linum usitatissimum L.) – әлемдік егіншіліктегі маңызды майлы дақылдардың бірі. Қазіргі таңда оны 40-тан астам ел өндіреді, негізгі өндірушілер қатарында Ресей, Қазақстан, Канада, Қытай және Үндістан бар. 2014-2025 жылдар аралығында әлемдік зығыр тұқымы өндірісі 52 пайызға өсіп, 3,7 млн тоннаға жеткен. Қазақстанда 2025 жылы егіс алқаптары 34 пайызға ұлғайған.

Дәстүрлі түрде Қазақстанда зығыр селекциясы солтүстік өңірлерде жүргізілсе, бұл жолы оңтүстік-шығыста алғаш рет зерттеу басталды.

"Бұл маңызды, себебі өңірдің топырақ-климаттық жағдайлары басқа селекциялық шешімдерді қажет етеді", – деді Дидоренко.

Жоба аясында ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен бірлесіп, зығырдың ата-аналық формалары мен F₁ және F₂ гибрид ұрпақтарының селекциялық құндылығын зерттеуде.

Зерттеуге Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Канада, АҚШ, Франция, Германия және Нидерландтан алынған 27 сорт пайдаланылды. Гибридизация далалық жағдайда жүргізіліп, кейін жылыжайда және вегетациялық ыдыстарда SPEED BREEDING технологиясы арқылы жылына төрт ұрпаққа дейін өсіріледі.

"Қалыпты жағдайда селекциялық процесс бірнеше жылға созылады. Жаңа технология арқылы оны орта есеппен 5-6 жылға қысқартуға болады", – деп атап өтті Дидоренко.

Ғалымдар жедел селекцияның климат өзгерісі мен майлы дақылдарға сұраныстың артуы жағдайында жоғары өнімді, қуаңшылыққа төзімді әрі майлылығы жоғары зығыр сорттарын шығару үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу