Қазақстанда медициналық туризмді дамытудың бірыңғай моделі әзірленуде

250

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.  

Қазақстанда медициналық туризмді дамытудың бірыңғай моделі әзірленуде Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық туризмді дамытудың бірыңғай мемлекеттік моделін әзірлеуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба медициналық туристер ағынын есепке алатын цифрлық платформаны енгізуді, "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсетуді, сапаның ортақ стандарттарын қалыптастыруды және шетелдік пациенттерді сүйемелдеу жүйесін құруды көздейді.

"Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Алайда негізгі мәселе – медициналық туризм нарығын жүйелі ұйымдастырудың жоқтығы. Жекелеген клиникалар, заманауи технологиялар мен шетелдік пациенттер бар, бірақ бірыңғай маршрут, түсінікті қызмет пакеттері, халықаралық деңгейде белсенді ілгерілету және әрбір өңір мен медициналық ұйымның жауапкершілігі нақты айқындалмаған. Сондықтан әрбір қатысушының функциялары бекітілген бірыңғай модельді әзірлеу қажет", – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев кеңес барысында.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанға келген шетелдік туристердің шамамен 2%-ы медициналық көмек алу мақсатында келген. Пациенттердің басым бөлігін ТМД елдерінің азаматтары құраған.

2021–2025 жылдары Қазақстанға медициналық қызмет алу үшін келген шетел азаматтарының саны 4,5 есеге артқан. Өсім негізінен Ресей, Қытай, Үндістан және Түркия азаматтары есебінен қамтамасыз етілсе, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келушілер легі тұрақты сақталуда.

Медициналық туризмде кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, репродуктивті медицина, пластикалық хирургия, стоматология, жоғары дәлдікті диагностика, Check-up бағдарламалары және санаторийлік-курорттық емдеу бағыттары сұранысқа ие.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу