Қазақстанда мектеп формасын 20-ға жуық кәсіпорын тігеді

2455

Жаңа оқу жылы жақындағанда баланы мектепке дайындау шаралары басты назарда болмақ.  

Қазақстанда мектеп формасын 20-ға жуық кәсіпорын тігеді

Қазақстанда мектеп формасын тігумен 20-ға жуық кәсіпорын айналысады, деп хабарлайды  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Жаңа оқу жылына оқушылар мен олардың ата-аналары ғана емес, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары да белсенді дайындалуда. Дұрыс таңдалған мектеп формасы баланың денсаулығы мен жақсы көңіл-күйінің қалыптасуына ерекше әсер етеді.

Ең алдымен мектеп формасы гигиеналық талаптарға сай болуы керек, яғни баланың денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс. Өз кезегінде ата-аналар бұл киімде бала 5-6 немесе одан да көп сағат өткізетінін есте ұстаған жөн, сол себепті ең алдымен, форма жасалған материалдың сапасына назар аудару керек.

Бүгінде Қазақстанда 20-ға жуық кәсіпорын мектеп формасын тігумен белсенді айналысады. Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасын Алматы қаласының "Angelcher" ЖШС, "Сымбат" Сән Академиясы" ЖШС, "Семирамида" тігін фирмасы" ЖШС, "Қазлегпром-Алматы" ЖШС, "ALTEX" ЖШС, "КазСПО-N" ЖШС және "KazтеХ" ЖШС кәсіпорындары тігеді. Сондай-ақ, осы бағытта Солтүстік Қазақстан облысында "Lider PROF FASHION" ЖШС және Sens Fashion, Жамбыл облысында "Аленсия" ЖШС, Павлодар облысында "КазПрофБезопасность" ЖШС және Нұр-Сұлтан қаласында "Данмард" ЖШС жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, Түркістан облысында "GOLDENNOMAD" ЖШС Сайрам ауданының мектептерімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Сарыағаш және Төлеби аудандарының оқу орындарымен келісімге қол жеткізілді.

Айта кету керек, міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келуі керек. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бір түсті гаммада, үш түстен артық емес араластыруға жол беріле отырып ұсталады. Мектеп формасының түсі тыныш және жарқын реңктерден таңдалады. Бұл ретте мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып енгізіледі. Ол күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді.

Ұлдарға арналған мектеп формасы: пиджак, желетке, шалбар, салтанатты көйлек, күнделікті көйлек (қысқы кезең: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбар еркін пішілген және ұзындығы бойынша аяқтың білектерін жабады.

Қыздарға арналған мектеп формасы: пиджак, желетке, белдемше, шалбар, классикалық жейде (қысқы кезең: трикотаж желетке, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбар еркін пішілген және ұзындығы бойынша аяқтың білектерін жабады.

Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдайларды, оқу сабақтарын өткізу орнын және оқу үй-жайындағы температуралық режимді ескере отырып іске асырылады. Мектеп формасының маталары ретінде қасиеттері жақсартылған, тозуға төзімділігі жоғары, бактерияға қарсы, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталары пайдаланылады.

Киімді таңдағанда оның мөлшері де маңызды. Мектеп формасын таңдағанда, ата-аналар баланың кез-келген жағдайда ыңғайлы болатынына көз жеткізуі керек (отыру және жүру кезінде) және баланың денсаулығы мен моторикасын сақтауға талпыну керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу