Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді шығаратын жетекші отандық баспалардың басшыларымен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыру және оқушыларды заманауи оқу материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өтті.
Жиында мектеп оқулықтарын кезең-кезеңімен жаңарту, оқу әдебиеттерінің сапасын арттыру және министрлік, сарапшылар қауымдастығы мен баспалар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.
Министр оқулықтардың мазмұнын жаңарту, олардың мемлекеттік білім беру стандарттары мен заманауи талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жаңартылған басылымдарды әзірлеу мен шығару мерзімдерін қатаң сақтау міндетін қойды.
Кездесуде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Аида Балаева жариялаған талдау нәтижелері де қаралды. Талдау барысында қолданыстағы оқулықтардан әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескерту мен қате анықталған.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарын жаңартылған оқулықтармен қамтамасыз ету кестесі талқыланды. Оған сәйкес, 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар 2026 жылғы 30 тамызға дейін, 4 және 9-сыныптарға арналған басылымдар 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, ал 8-сынып оқулықтары 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жеткізілуі тиіс.
Кездесу қорытындысында тараптар жаңартылған оқу басылымдарын уақытылы әзірлеу және шығару бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін мәлімдеді.