Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар бірыңғай цифрлық платформаға көшті

127

Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар жүйесі толықтай электронды форматқа ауыстырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар бірыңғай цифрлық платформаға көшті Фото: canva

Енді сатып алу процесінің барлық кезеңі – жоспарлаудан бастап төлемге дейін – www.goszakup.gov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асады. Бұл қадам бизнес-процестерді толық автоматтандыруға жол ашты.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, жаңа жүйе сатып алу рәсімдерін, келісімшарттарды тіркеуді, электронды банк кепілдіктерін, тауар жеткізу мен қызмет көрсету актілерін рәсімдеуді, сондай-ақ шот-фактуралар мен төлем шоттарын қамтиды.

Жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларымен интеграцияланып, өнім берушілердің салық және сот берешегін, біліктілік талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Бұл ашықтықты арттырып, адами фактордың ықпалын азайтуға мүмкіндік берді.

Халықаралық Global Data Barometer зерттеуіне сәйкес, Қазақстан сатып алулар жүйесінің қолжетімділік пен ашықтық көрсеткіші бойынша әлемде 3-орында тұр.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа заң аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы барлық сатып алулар Бірыңғай платформаға біріктірілді. Бұл жүйеге ұлттық әл-ауқат қоры, білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру қызметтері және өзге де сатып алулар да енгізілді.

Платформа "Электрондық қаржы орталығы" АҚ базасында жасалып, goszakup.gov.kz, zakup.sk.kz, mitwork.kz порталдарымен, сондай-ақ 20-дан астам мемлекеттік ақпарат жүйесімен (сот кабинеті, "Қазынашылық-клиент", борышкерлер тізілімі, "Е-лицензиялау" жүйесі және т.б.) біріктірілді.

Жаңа тетік реттелетін сатып алулардың барлық түріне бірыңғай әрі ыңғайлы қолжетімділік берді. Оның арқасында өнім берушілер арасындағы бәсекелестік күшейіп, заңсыз тәжірибелердің тәуекелі азаяды және бюджет қаражаты тиімдірек жұмсалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу