Ал бюджетке 3,3 миллиард теңгеден астам салық түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы "Кенқияқ – Құмкөл" және "Атасу – Алашанькоу" магистральдық құбырлары арқылы мұнай тасымалдау кезінде салық заңнамасының бұзылғанын анықтады.
Бас көлік прокуратурасы хабарлағандай, заңбұзушылықтар магистральдық мұнай құбырлары арқылы мұнай тасымалдаудың заңдылығын талдау барысында анықталды.
Тасымалдау кезінде технологиялық ерекшеліктер мен өлшеу қателіктері салдарынан пайда болған артық мұнай бухгалтерлік есепте толық көлемде көрсетілмеген. Бұл салықтық міндеттемелердің бұрыс орындалуына әкелген.
Прокуратураның ұсынысынан кейін Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдады.
Нәтижесінде 92 мың тоннадан астам мұнай бухгалтерлік есепке қойылды. Тиісті түзетулер салық есептілігіне де енгізілді.
Тексеру қорытындысы бойынша қосымша салықтық міндеттемелер есептелді. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы 2,9 миллиард теңгені құрады.
Бұдан бөлек, мүлік салығы бойынша бюджетке өсім айыбын қосқанда 300 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Осылайша, бюджетке түскен қосымша түсімдердің жалпы сомасы 3,3 миллиард теңгеден асты.
Бас көлік прокуратурасы магистральдық құбыр көлігі саласында заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.